Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті жеке қабылдау өткізді.
Қабылдауға алдын ала жазылған 11 азамат қатысып, өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер телімін алу және заңдастыру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, коммуналдық инфрақұрылым сапасы, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көтерілді. Азаматтар тарапынан көтерілген әрбір өтініш жеке қаралып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жедел шешуді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, қосымша зерделеуді талап ететін өтініштердің бақылауға алынатынын атап өтті. Әрбір мәселе бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданып, тұрғындардың өтініштері қала басшысының жеке бақылауына алынды.