ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТ КЕЗІНДЕГІ ЖАСӨСПІРІМНІҢ ІЗГІ ӘРЕКЕТІ КӨПШІЛІККЕ ҮЛГІ БОЛДЫ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТ КЕЗІНДЕГІ ЖАСӨСПІРІМНІҢ ІЗГІ ӘРЕКЕТІ КӨПШІЛІККЕ ҮЛГІ БОЛДЫ
Түркістан қаласында өткен халықаралық деңгейдегі ауқымды саммит барысында көпшіліктің назарын аударған тағылымды оқиғалардың бірі – жасөспірім Базарбайұлы Нұрсұлтанның елдік рух пен адамгершілікке толы әрекеті болды.
Қала көшелерінде саммитке орай ілінген түрлі мемлекеттердің туларының арасынан жерге түсіп қалған бауырлас Әзірбайжан Республикасының туын байқап қалған Нұрсұлтан еш ойланбастан оны көтеріп, құрметпен орнына қайта іліп қойған. Оның бұл әрекеті туған елге, мемлекеттік рәміздерге және бауырлас халықтарға деген терең құрметтің айқын көрінісі ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Базарбайұлы Нұрсұлтан – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Жас болса да азаматтық жауапкершілігі жоғары, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін өреннің бұл қадамы көпшілікке үлгі болып, әлеуметтік желілерде де кеңінен қолдау тапты.
Осыған орай, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов Нұрсұлтан Базарбайұлын арнайы қабылдап, ұстаздарымен бірге құрмет көрсетті. Кездесу барысында әкім орынбасары жасөспірімнің әрекеті қарапайым көрінгенімен, оның астарында үлкен тәрбие, терең сана және елдік рух жатқанын атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздерге, сондай-ақ бауырлас халықтардың қасиетті нышандарына құрметпен қарау – әрбір азаматтың парызы. Нұрсұлтанның бұл әрекеті – жастарымыздың бойында патриоттық рухтың, ізгілік пен жауапкершіліктің қалыптасып келе жатқанының жарқын дәлелі. Осындай саналы жастарымыз барда еліміздің болашағы жарқын боларына сенім мол, – деді Мадияр Әлипов.
Қабылдау соңында Нұрсұлтанға оның өнегелі ісіне ризашылық білдіріліп, арнайы сый-сияпат табысталды.