ТҮРКІСТАНДА 20 ГЕКТАР АУМАҚТА ӨНДІРІСТІК ПАРК САЛЫНУДА

ТҮРКІСТАНДА 20 ГЕКТАР АУМАҚТА ӨНДІРІСТІК ПАРК САЛЫНУДА
Түркістан қаласының Бекзат мөлтек ауданында 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы 26 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 3 кезеңмен іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда алғашқы 5 нысанның құрылысы толық аяқталып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Өндірістік парк аумағына қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев арнайы барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Өндірістік ғимараттарда жалпы құны 11,8 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылады. Атап айтқанда, заманауи өлшеу құралдары, құрылыс панельдері, битум материалдары, аккумуляторлар және электронды схемалар өндіру көзделген. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта инвесторлармен тиісті келісімдер жасалып, өндірістік жобаларды арнайы өндірістік алаңдарға орналастыру жұмыстары жалғасуда.