МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Руханият пен өнер иелеріне құрмет көрсетілген кеш мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін айқындаған тағылымды басқосуға айналды.
Мерекелік кештің шымылдығы «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің ұлттық нақыштағы өнерімен түріліп, көрермен назарына ән мен биден құралған мазмұнды бағдарлама, сондай-ақ мәдениет саласының тыныс-тіршілігін бейнелейтін арнайы бейнематериал ұсынылды.
Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Халима Жантөреева мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар сала мамандарына алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.
Сонымен қатар мәдениет саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар ұсынылды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков пен қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен елеулі еңбегіне тоқталды.
Мерекелік шара барысында қалалық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы С. Таштеевтың, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы А. Темірханның, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ. Мұсағалиевтың, сондай-ақ ГКӘТ, ВКШӘТ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ. Сүлейменовтің атынан да мәдениет саласының үздіктері марапатталды.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, халық театры сахналаған «Өнер адамы» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Өнерпаздардың орындауындағы әсерлі әндер мен мың бұралған билер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.