«TURKISTAN – 2026: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«TURKISTAN – 2026: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Түркістандағы «Киіз үй» кешенінде Түркістан облыстық мәслихаты мен Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген туризмді дамыту, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кең көлемде насихаттау және оны ел жұртшылығына таныту бағытындағы тапсырмаларды жүзеге асыру.
Конференцияға облыс әкімінің орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар мәслихаттарының төрағалары мен өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, ғалымдар, туристік операторлар қатысты.
Жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп отырды. Конференция барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізіп, Ясауи мұрасын ұлықтау, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ конференцияда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйледі.
«Бүгінгі конференцияның тақырыбы – «Ясауи мұрасы және ішкі туризм» – бір-бірімен терең байланысты ұғымдар. Туризмді тек экономика дейтіндер біржақты ғана ойлайтындар. Туризм дегеніміз – ең алдымен, тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық рухты таныту. Туризм – мемлекеттің мәдени дипломатиясының маңызды құралы. Егер біз Түркістанды жай ғана туристік нысан ретінде қарасақ, онда оның терең мағынасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Ең алдымен, ол рухани феномен. Сондықтан мұнда келген адам тек саяхат жасап қоймай, тарихи сана мен рухани сабақтастықты сезінуі тиіс, – деп атап өтті Төлеубек Мұқашев.
Оның айтуынша, Қазақстанның түкпір-түкпірінен мәслихат депутаттарының дәл Түркістанда бас қосуының да терең символдық мәні бар. Біріншіден, бұл – өңірлік саясат пен ұлттық руханияттың тоғысуы. Екіншіден – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің ұлттық мүддемен үндесуі. Үшіншіден – мәслихат депутаттарының тек әлеуметтік-экономикалық мәселелермен ғана емес, тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісіне де жауапты екенін көрсететін маңызды қадам.
Бұдан бөлек Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті дінтану кафедрасының профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаев және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева және Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов та тақырыпқа сай ой қозғады. Қатысушылар Түркістанның өндірістік, рухани және туристік әлеуетін, даму деңгейін жоғары бағалады.
Жиын қорытындысында қатысушылар Түркістандағы бұл басқосудың ұлттық руханиятты, тарихи сананы және өңірлік дамуды тоғыстырған маңызды қоғамдық алаңға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанның халықаралық деңгейдегі мәдени, рухани және туристік орталық ретіндегі әлеуетін арттыру, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды. Екі күнге созылатын конференция аясында қатысушылар Түркістан қаласы мен Отырар және Ордабасы аудандарындағы тарихи және туристік орындарды аралайды.