ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР 100 ПАЙЫЗ ЖАҢАРТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР 100 ПАЙЫЗ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Түркістан қаласында «Жолаушы» ЖШС-нің жолаушы тасымалдау саласында еңбек етіп келе жатқанына 60 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтіп, 10 жаңа автобус халық игілігіне берілді.
Салтанатты жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев қатысып, мекеме ұжымын мерейтоймен құттықтады.
Жиында қала әкімі қоғамдық көлік тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
— Қоғамдық көлік саласын дамыту нәтижесінде соңғы бес жылда 8 млрд 403 млн 450 мың теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 896 млн 450 мың теңгеге 11 метрлік 10 гибридті автобус сатып алынып, бүгін ел игілігіне табысталып отыр. Қазіргі таңда Түркістандағы қоғамдық көліктер толықтай, яғни 100 пайыз жаңартылды, — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Айта кетейік, «Жолаушы» ЖШС-нің негізі 1966 жылы Түркістан таксомотор паркі ретінде қаланып, 1999 жылдан бері жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде мекеме қала бойынша 16 бағытта қызмет көрсетіп, 350-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Автопаркте жалпы 183 автобус бар.
Қала тұрғындарына халықаралық сапа стандарттарына сай жаңа буындағы автобустар қызмет көрсетуде. Қоғамдық көліктер бейнебақылау камераларымен, ауа баптау жүйесімен, электронды билет құрылғыларымен және заманауи төлем жүйелерімен жабдықталған.