ТҮРКІСТАНДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ МЕН ОҚУШЫЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

ТҮРКІСТАНДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ МЕН ОҚУШЫЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен жалпы білім беретін мектептерде 2025–2026 оқу жылын қорытындылау, соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасын өткізу және оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Қалада бүгінде 82 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 38-і мемлекеттік, 44-і жекеменшік. Жалпы 59 772 оқушы білім алуда. Биыл 9-сыныпты 4218 оқушы аяқтайды, оның 413-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 11-сыныпты 3268 түлек тәмамдайды. Оның ішінде 243-і «Алтын белгіге», 254-і «Үздік аттестатқа» үміткер. ҰБТ-ға 2686 түлек қатысуға ниетті.
«Сыңғырла, соңғы қоңырау – 2026» салтанатты шарасы 25 мамыр күні барлық мектептерде сағат 09:00-де өтеді. Іс-шараның ұзақтығы 45 минуттан аспайды және мектеп аумағында немесе көлеңкелі жабық орындарда ұйымдастырылады.
Мәжілісте қауіпсіздік пен тәртіп мәселелеріне ерекше назар аударылып, ата-аналардан қаржы жинауға, мұғалімдерге сыйлық беруге, сән-салтанатты бітіру кештерін өткізуге, автокөлікпен серуендеуге, дастархан жаюға және әуе шарларын ұшыруға тыйым салынатыны ескертілді.
Жазғы демалыс кезеңінде «Балауса» сауықтыру лагерінде 7 ауысым бойынша 1450 баланы қамту жоспарланған. Сондай-ақ 26 мамыр мен 20 маусым аралығында мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарында 1–6 сынып оқушыларынан 7200 баланың демалысы ұйымдастырылады.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына соңғы қоңырау іс-шараларын жоғары деңгейде өткізіп, оқушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуді және жазғы сауықтыру жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.