ТҮРКІСТАНДА 2 МИЛЛИОННАН АСТАМ ГҮЛ, 17 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА 2 МИЛЛИОННАН АСТАМ ГҮЛ, 17 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Түркістан бүгінде тек рухани шаһар ғана емес, жасыл желекке оранған көркем қалаға айналып келеді. Қаланың әр көшесі мен саябағы құлпырып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған байланысты Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысына арналған арнайы жиын өтті.
Жиын барысында шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желек қорын арттыру және күтіп-баптау мәселелері жан-жақты талқыланды. Қала басшысы көгалдандыру — тек көрік үшін емес, келер ұрпаққа таза ауа мен жайлы орта сыйлайтын маңызды іс екенін атап өтті.
Бүгінде Түркістан қаласы бойынша жалпы саны 2 миллион 8 мың 900 дана маусымдық гүл отырғызылған. Қала көшелері мен қоғамдық орындарға егілген сәндік сәлбен, барқытгүл, бәйшешек шафран, айдаргүл, сәндік қалақай және петуния секілді алуан түсті гүлдер шаһарға ерекше сән беріп тұр. Түрлі түске боялған гүлзарлар тұрғындар мен қонақтардың көңілінен шығып, Түркістанның ажарын аша түскен.
Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары аясында қала аумағына 17 202 дана ағаш, 27 888 дана бұта отырғызылып, 24 589 шаршы метр жерге көгал төселді. Егілген жасыл желектер қатарында қарағай, көгілдір шырша, туя, арша, қызыл үйеңкі, катальпа, шаған және сәндік алхоры секілді өңір климатына бейімделген ағаш түрлері бар. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және жаздың аптап ыстығында тұрғындарға сая болар жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған.
Жасыл желектерді күтіп-баптау ісі де қала басшылығының тікелей бақылауында. Қазіргі таңда 10 арнайы су тасымалдаушы техника мен 50-ге жуық қызметкер күнделікті жұмыс жүргізуде. Егілген гүлдер мен көшеттердің толық жерсініп, жайқалып өсуі үшін арнайы дәрілеу, минералды тыңайтқыштар беру және агротехникалық күтім жұмыстары қыркүйек айына дейін үздіксіз жалғаспақ.
Жиын қорытындысында Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала мамандарына көгалдандыру жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, әрбір егілген көшеттің сақталуына ерекше мән беруді тапсырды.
Түркістан — тарихы терең, рухы биік шаһар. Енді ол жасыл желегі жайқалған, экологиясы таза, тұрғындарына жайлы әрі көрікті қала ретінде де жаңа келбетке қадам басып келеді.