СУҒА ШОМЫЛУ КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ

СУҒА ШОМЫЛУ КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ

Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары!

Жаз мезгілінде тұрғындардың су айдындарына барып демалуы көбейеді. Алайда қауіпсіздік талаптарын сақтамау адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.

Ең алдымен, тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған орындарда шомылған дұрыс. Мұндай орындарда құтқарушылар кезекшілік атқарып, су түбі алдын ала тексеріледі. Белгісіз және қауіпті аймақтарда суға түсу адам өміріне үлкен қатер төндіреді.

Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар. Ата-аналар мен заңды өкілдер балаларды үнемі бақылауда ұстап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі қажет.

Суға мас күйінде түсуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар су ішінде бір-бірін итеру, жалған дабыл беру, шамадан тыс алыстап жүзу сияқты әрекеттерден аулақ болу қажет.

Қайықпен немесе басқа да жүзу құралдарымен жүрген кезде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдаланыңыздар. Ауа райының қолайсыз кезінде суға түспеген жөн.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу «112» қызметіне хабарласыңыздар.

Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау – баршаға ортақ міндет. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар!

Түркістан қаласының төтенше жағдайлар басқармасы