«ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, ЕКІНШІ ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

«ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, ЕКІНШІ ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ
«Тұран» командасы ірінші лиганың бесінші турында сырт алаңда «Астана жастары» клубын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, маусымдағы маңызды жеңістерінің біріне қол жеткізді.
Кездесу барысында түркістандық клуб ойын тізгінін өз қолында ұстап, әсіресе екінші таймда шабуылда белсенділік танытты. Есеп 50-минутта ашылды. Матвей Герасимов қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Тұранды» алға шығарды. Матчтың соңғы минуттарында қонақтар басымдығын толық дәлелдеді. 90+1-минутта Марлен Айманов есеп айырмасын ұлғайтса, араға екі минут салып Руслан Валиуллин үшінші голды соғып, ойын нүктесін қойды.
Бұл жеңіс «Тұран» клубы үшін тек турнирлік тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да маңызды болды. Осылайша, ұпай санын 12-ге жеткізіп, екінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, биыл «Тұран» футбол клубы құрамында елеулі өзгерістер орын алған. Команда сапалы әрі тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, бәсекеге қабілетті ұжым жасақталуда. Команданың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Виктор Кумыков тағайындалды. Оның қазақстандық футболдағы тәжірибесі клубтың турнирлік мақсаттарына жетуінде маңызды рөл атқарады деп күтіліп отыр. Оған қоса клуб жаңа инвестор – «Ordabasy Group» холдингінің басқаруына өтті. Жаңа инвестор ұзақ мерзімді даму моделіне басымдық беріп, инфрақұрылымды жаңғырту мен жастар футболын дамытуға ерекше назар аударуда. Сарапшылардың пікірінше, жеке инвестициялардың тартылуы клубтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.