МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні»
және «9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні» мерекелеріне орай Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Есенәлімұрат Ізтілеуов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Нәрікбаев Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының атынан елдің бейбіт өмірі мен бүгінгі тыныштығына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер жеткізілді.
Алдымен мерекелік күні тыл ардагері Майрам Шайюсупованың шаңырағына арнайы барды. Соғыс жылдарында жастайынан еңбекке араласқан Майрам апа бүгінде алтын алқалы ана әрі немере-шөберенің сүйікті әжесі ретінде ел құрметіне бөленіп отыр.
Одан кейін қала басшылығы ұзақ жылдар бойы медицина саласында абыройлы еңбек еткен тыл ардагері Кенесбай Қуандыковтың шаңырағында болып, саналы ғұмырының 45 жылын дәрігер-эпидемиолог қызметіне арнаған ардагер халық денсаулығын сақтау жолында елеулі еңбек сіңірген ақсақалды құттықтады.
Сондай-ақ, білім саласының ардагері Бибісара Жұмаевна Өтегенованың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Ұстаздық қызметпен қатар қалалық оқу бөлімінде жетекшілік еткен еңбек ардагері бірнеше мемлекеттік марапаттардың иесі. Бүгінде апамыз 4 баладан тараған ұрпағының қызығын көріп отырған ардақты ана, 8 немере мен 11 шөберенің тәрбиесіне өнеге болып келеді.
Кездесу барысында ардагерлерге ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріліп, қала әкімі атынан зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тілектері жеткізілді. Өз кезегінде қариялар ақ баталарын беріп, ел бірлігі мен тыныштығына арналған ізгі тілегін білдірді.