ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ӘСКЕРГЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТТАНДЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ӘСКЕРГЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТТАНДЫ
Түркістан қаласындағы көпфункционалды туристік кешен – «Керуен-сарай» аумағында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтына 46 жас сарбазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әділет Отарбаев, әскери сала ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының өкілдері және жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген полковник Әділет Отарбаев өңір бойынша әскерге шақыру науқанының барысына тоқталып, бүгінгі таңда облыстан 721 азамат әскери қызметке жіберілгенін атап өтті. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 230-дан астам, Мемлекеттік күзет қызметіне 35 азамат жолданған. Ал бүгін Құрлық әскерлері әскери институтына 46 жас сарбаз аттандырылды.
– Бүгінгі күн – Отан алдындағы қасиетті борышты өтеуге бет алған жас сарбаздар үшін ерекше әрі жауапты сәт. Сіздер – ел болашағының тірегісіздер. Әскери қызметтеріңізді абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуларыңызға тілектеспін, – деді ол.
Сонымен қатар, Қарулы күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов жас сарбаздарға ақ жол тілеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті.
Өз кезегінде Шардара ауданының тумасы Нұрислам Ермекбаев әскери қызметке аттану – үлкен мәртебе екенін айтып, қатарластарына сәттілік тіледі.
Шара соңында жиналғандар жас сарбаздарға ақ батасын беріп, оларды үлкен сеніммен әскери оқу орнына шығарып салды.