РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЯСАУИТАНУ – 2026» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЯСАУИТАНУ – 2026» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауының ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев жас талапкерлерге ізгі лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Байқаудың әділқазылар алқасы құрамында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкер Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкер Мұхит Төлеген бар.
Айта кетейік, дәстүрлі байқау биыл 28-рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан іріктеуден өткен 70-ке жуық дарынды оқушы қатысуда.