Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға алдын ала жазылған 10 азамат қатысып, жалпы 18 мәселе бойынша өздерін толғандырған әлеуметтік, тұрғын үй, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және құқықтық сипаттағы сұрақтарын көтерді.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар негізінен тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек алу, жер қатынастары, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты түйткілдерді жеткізді. Сонымен қатар мәдениет саласын дамыту, білім беру ұйымдарындағы жағдайлар және құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты өтініштер де қаралды.
Қала әкімі әрбір азаматтың мәселесі назарда болатынын жеткізіп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Кейбір мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, бірқатар өтініштер жауапты бөлімдердің бақылауына алынып, кезең-кезеңімен шешу жолдары айқындалды.
Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы әр айдың үшінші сәрсенбісінде бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығының (Фронт-офис) қызметіне жүгінуге болады.