Түркістан қаласында өскелең ұрпаққа арналған жаңа ұлттық анимациялық жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Жоба балалардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталған.
Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, сондай-ақ жоба авторлары, продюсері мен режиссері қатысып, мультфильмнің идеясы мен маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары қатысушыларды анимация саласындағы тың жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесерімен құттықтады.
Мультфильмнің жалпы ұзақтығы – 50 минут. Анимациялық туынды өскелең ұрпақты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды цифрлық дәуірге бейімдеу мақсатында әзірленген. Сонымен қатар жоба «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, тарихи-мәдени мұраға құрмет сезімін қалыптастыру және патриоттық тәрбиені күшейту көзделген. Мультфильм сюжеті арқылы жас көрермендерге тазалық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жауапкершілік қағидаттары түсіндіріледі.
Шара барысында мультфильмнің тизері көрсетіліп, кейін толық нұсқасы көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар балаларға арналған интерактив ойындар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мультфильм кейіпкерлері бейнесіндегі аниматорлар балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 1 105 білім беру мекемесінде 600 мыңға оқушы білім алуда. Сонымен қатар өңірдегі 1 438 мектепке дейінгі ұйымда 153 053 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы алғанда, өңірде 700 мыңнан астам бала мен жасөспірім білім беру және тәрбие жүйесімен қамтылған. Осындай ауқымды аудитория үшін тәрбиелік, танымдық және ұлттық мазмұндағы сапалы медиа өнімдер әзірлеу – уақыт талабы.