«ТҰРАН» КОМАНДАСЫНЫҢ ДАМУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

«ТҰРАН» КОМАНДАСЫНЫҢ ДАМУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
Бүгін футболдан бірінші лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. «Түркістан Арена» стадионында «Тұран» клубы «Оңтүстік Академия» командасын қабылдады. Стадионда жанкүйерлер қатары қалың болды. Кездесуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жанкүйерлерді құттықтады.
Ойын өте тартысты өтті. Екі команда да алаңда барын салып, жиі шабуыл ұйымдастырып, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады. Қақпа маңындағы қауіпті сәттер кездесудің соңына дейін интриганы сақтап тұрды. Алаң иелері ойын тізгінін қолға алып, шабуылдаумен болды. Бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Есесіне, қарымта шабуылда өткірлік танытқан қонақтар 2:1 есебімен жеңіп кетті.
Матч барысында арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, жанкүйерлер үшін интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Көрермендер арасында PlayStation және iPhone секілді бағалы сыйлықтар ойнатылды. Жанкүйерлер стадионды мерекеге бөлеп, футболшыларға қолдау білдірді.
Қазіргі таңда «Тұран» футбол клубы құрамында елеулі өзгерістер орын алған. Команда сапалы әрі тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, бәсекеге қабілетті ұжым жасақталуда.
Команданың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Виктор Кумыков тағайындалды. Оның қазақстандық футболдағы тәжірибесі клубтың турнирлік мақсаттарына жетуінде маңызды рөл атқарады деп күтіліп отыр.
Айта кету керек, клуб жаңа инвестор — Ordabasy Group холдингінің басқаруына өтті. Жаңа инвестор ұзақ мерзімді даму моделіне басымдық беріп, инфрақұрылымды жаңғырту мен жастар футболын дамытуға ерекше назар аударуда. Сарапшылардың пікірінше, жеке инвестициялардың тартылуы клубтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Келесі матч 8 сәуірде Түркістанда өтеді. «Тұран» футбол клубы ел кубогы бәсекесінде өз алаңында «Елімай» командасын қабылдайды.