ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚАЗАҚСТАН КУБОГІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚАЗАҚСТАН КУБОГІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан кубогінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған 369 балуан қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Qazaq Kuresi» қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов және Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыс әкімінің орынбасары ұлттық спорттың дамуына серпін беретін осындай жарыстардың маңыздылығын атап өтті.
Айтулы дода – тек үздік балуандарды іріктейтін алаң ғана емес, қазақ күресінің мәртебесін арттырып, жас спортшыларға жігер сыйлайтын маңызды жарыс. Сонымен қатар турнирдің басты мақсаты – спортшылар арасындағы достықты нығайту және ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттау.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Әлем кубогына жолдама беріледі.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, ерлер арасында 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі, сондай-ақ түйе балуан салмақ дәрежелері бойынша жүлдегерлер анықталады. Әйелдер арасында 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі салмақтарында белдесулер өтеді. Бұдан бөлек, турнир аясында аралас командалық сайыс ұйымдастырылған.
Айта кетсек, 26-29 наурыз күндеріне жоспарланған жарысқа «Sport Qory» спортты қолдау қоры демеушілік көрсетуде.