ТЕҢГЕ ІЛУДЕН IV АЗИЯ КУБОГІ ӨТЕДІ!

ТЕҢГЕ ІЛУДЕН IV АЗИЯ КУБОГІ ӨТЕДІ!
Теңге ілу - ат үстіндегі ептілік пен шапшаңдықты, батылдық пен дәлдікті көрсететін ұлттық спорт түрі. Спортшы мен аттың үндестігінен туындаған жауынгерлік өнердің жалғасы. Қазіргі таңда Азия аймағында тұрақты даму жолына түсіп, Азия кубогі төртінші рет жалауын көтергелі отыр, ал әлем чемпионаты тұңғыш рет 2025 жылы өткен болатын.
Көне шаһар - Түркістан төрінде теңге ілуден IV Азия кубогі 22-23 наурыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға Азияның 8 елінен спортшылар келеді деп күтілуде.
Жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық «Теңге ілу» федерациясы, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастыруда.
Жарыстың Бас серіктесі – «AlemAgro» компаниясы @alemagro, ал серіктестері «Самұрық Қазына» АҚ, «Sportqory» спортты қолдау қоры болып табылады.
Азия кубогі «Бес белес», «Қос құлаш», «Алтын тұяқ» стильдері бойынша өтеді. Халықаралық додада Нұрислам Намазбай (Жамбыл облысы), Ұлағат Амангелді (Шымкент қаласы), Ерсін Нұрәлі (Алматы облысы), Зубов Константин (СҚО), Маханбет Азамат (Түркістан облысы), Мырзағали Дарын (Алматы қаласы) сынды ұлттық құрама мүшелері ел намысын қорғайды.
Түркістан төрінде өтетін IV Азия кубогі - теңге ілудің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған маңызды шара. Бұл жарыс - тек спорттық сайыс қана емес, ел рухын асқақтататын, салт-дәстүр сабақтастығын дәріптейтін тағылымды алаң болмақ!