ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Түркістан қаласы мен Түркістан облысы аумағында жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, құрылыс нормалары мен ережелеріне толық сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен, құрылыс сапасы, техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы және белгіленген мерзімдердің орындалуы тұрақты бақылауда.
Уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан құрылыс нысандарына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысында заң талаптарының бұзылуы, жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу, сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану, қауіпсіздік талаптарын сақтамау немесе мерзімнің негізсіз созылуы анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Атап айтқанда, кінәлі тұлғаларға әкімшілік айыппұл салу, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама беру, құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтату, сондай-ақ өрескел заң бұзушылықтар орын алған жағдайда сот тәртібімен нысанды бұзу немесе рұқсат беру құжаттарының күшін жою шаралары қарастырылады.
Кезекті тексеру барысында жаңа қала аумағында салынып жатқан сауықтыру орталығының құрылысына жауапты мердігер мекемеге қатысты бақылау жүргізіліп, белгіленген талаптардың сақталмауына байланысты кемшіліктер анықталды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мердігер ұйымға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салу рәсімі басталды.
Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Мердігер мекеме анықталған заң бұзушылықтарды толық мойындап, оларды белгіленген мерзімде жоюға міндеттеме алды. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты түрде қадағаланып отыр.
Түркістан облысы аумағындағы барлық құрылыс нысандарының сапалы әрі талаптарға сай жүргізілуіне ерекше назар аударылады.
Барлық мердігер ұйымдар мен тапсырыс берушілер заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Құрылыс саласындағы жауапкершілік тек нысанды пайдалануға берумен шектелмейді. Ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы инфрақұрылым қалыптастыру басты назарда болуы тиіс.
Түркістан қаласы мен облысы әкімдіктері құрылыс саласындағы тәртіпті күшейту, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Азаматтарды заң талаптарының бұзылу деректері анықталған жағдайда уәкілетті органдарға ресми түрде хабарлауға шақырамыз.