Түркістан қаласында кезекті жеке қабылдау ұйымдастырылып, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға алдын ала тіркелген 42 азамат қатысып, өздерін алаңдатқан мәселелерін ортаға салды.
Кездесу барысында жер қатынастары, баспана алу, әлеуметтік көмек көрсету, көпқабатты тұрғын үй сапасы, инженерлік инфрақұрылым тарту, жол жөндеу және аумақтарды абаттандыру, жұмысқа орналасу секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Сонымен қатар, тұрғындар тұрмыстық сипаттағы бірқатар мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Қала басшысы жедел шешілуі мүмкін сұрақтар бойынша жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, кейбір мәселелерді қабылдау барысында шешті. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер заңнама аясында мұқият зерделеніп, бақылауға алынатынын атап өтті. Әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмауы қажет екені қатаң ескертілді.
Еске сала кетейік, қала әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес әр айдың үшінші сәрсенбісінде өткізіледі. Қабылдауға жазылу «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығы (Фронт-офис) арқылы жүзеге асырылады.