«Түркістан қалалық газ инспекциясы» КММ тарапынан жыл басынан бері қала аумағында ауқымды аралау және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жалпы 3725 нысан қамтылған.
Оның ішінде 852 кәсіпкерлік нысан тексерілген. 381 әлеуметтік нысан табиғи газбен қамтылса, 48 нысанда газ баллондар пайдаланылатыны, 182 нысан электр құрылғыларын қолданатыны анықталған. Ал 137 нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, 4 нысан қатты отын пайдаланатыны тіркелген. Тексеру қорытындысымен 70 нысанға ескерту берілді. Сонымен қатар 30 автогаз құю бекетіне қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша ескертпелер ілінді.
Сондай-ақ, 2873 тұрғын үйге табиғи газды және тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану, улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытында қадағалау-бақылау және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2850 тұрғын үй табиғи газ пайдаланса, 23 тұрғын үйде газ баллоны қолданылады. Газ баллондарын қауіпсіз пайдалану бойынша аталған 23 үй иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілді.
Аралау барысында кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерге табиғи газды, тұрмыстық газ баллондарын және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде арнайы жадынамалар таратылды.
Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Сала мамандары қала тұрғындарын мұқият болып, сақтық шараларын сақтауға шақырады.