Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімдері, басқармалар мен аумақтық органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар, жастар өкілдері қатысты.
Өңір активі бас қосқан мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанына, оның мемлекетті дамытудағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және саяси жүйесін кешенді жаңғыртулар енгізу мақсатында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Президенттің өкімімен Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 21 қаңтарда Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу мақсатында арнайы комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға 130 адам кірді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, құқық саласының танымал мамандары, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, сарапшылар, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер және барлық партиялардың өкілдері бар. Жаңа конституциялық реформаны талқылауларға еліміздің азаматтарына мүмкіндік беріліп, олар өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдады. Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, талқылады. Конституциялық комиссия 77 бапқа түзетулер енгізіп, нәтижесінде Конституцияның жаңа жобасы 84 пайызға жаңартылуда. Ата заңның жаңа жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына басымдық береді. Конституциялық реформа – бұл тек өзгеріс емес, бұл – елдің болашағын айқындайтын тарихи әрі маңызды қадам, – деген Нұралхан Көшеров әділеттілік пен заң үстемдігі – Конституцияның өзегіне айналғанын, сонымен қатар, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнмен толықтырылғанын атап өтті. Басқару жүйесінің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Вице-президент институты енгізіліп отыр. Бұл ел басқарудағы жауапкершілік пен ашықтықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Жиында Конституциялық комиссияның мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ел болашағы үшін жасалып отырған бұл ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін беретінін жеткізді.
– Конституция преамбуласы толығымен жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды. Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды. Сондай-ақ табиғатты қорғау, экологияны сақтау, мәдениет пен рухани құндылықтарды, ғылым мен білімді, инновацияларды дамыту Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс тапты. Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары және Неке мен отбасы құндылықтары күшейтіледі, – деді ол.
Түркістан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ербекешов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістер туралы айтып, басты құжатта халықтың рөлі айрықша күшейтілгенін мәлімдеді.
– Жоба кіріспеден, 11 бөлімнен, 95 баптан тұрады. Онда ел өміріне қажетті барлық маңызды тұстар қамтылған. Еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар жасайтын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан. Жоба бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктер күшейтіліп, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі. Цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау алғаш рет нақты көрсетіліп, әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттің жауапкершілігі айқындалады.