Түркістан облысының әкімі шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңір аумағында логистикалық орталық ашу мәселесі талқыланды. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық және транзиттік-логистикалық әлеуеті зор екенін жеткізді.
– Түркістан облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің бойында орналасқан. Халықаралық әуежайымыз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, тауар айналымы көлемін арттыруға болады. Жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Шетелдік компания өкілі Түркістандағы әуежай арқылы Еуропаға 2000 тонна тауар тасымалдағанын, биыл бұл көрсеткішті ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен бірге Түркістанды халықаралық логистика хабы ретінде дамытуға қызығушылық танытты. Ендігі ретте осы өңірден тауарды сақтайтын, арнайы буып-түйетін логистикалық орталық салу көзделіп отыр.
Тараптар Түркістан облысының географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жайын сөз етті.
Облыс әкімі өңір басшылығы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтіп, мұндай ірі жобалар аймақ экономикасының дамуына серпін беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында қос тарап жобаны нақтылау, алдағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты.