Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысын бақылап, бірқатар нысандардағы жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Қала басшысы әкімдік тапсырысы аясында салынып жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын тексерді.
Қазіргі таңда кешен аумағында 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 тұрғын үйден сатып алынатын арендалық бағыттағы жалпы саны 512 пәтер пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, кешен құрамындағы қалған 4 тұрғын үйде орналасқан 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген ипотекалық кредиттік бағдарламалар аясында тұрғындарға ұсынылатын болады.
Құрылыс нысандарын аралау барысында қала әкімі тұрғын үйлердің сапасына, инженерлік желілердің жүргізілуіне, абаттандыру жұмыстарының талапқа сай орындалуына ерекше назар аударды. Мердігер мекемелердің басшыларымен өткен кездесу барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, құрылыс жұмыстарын бекітілген жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.