АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ  БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қала тынысына тікелей әсер ететін екі маңызды мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының тұрақтылығы мен газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Нұрланұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қала аумағында әлеуметтік маңызы бар 19 негізгі азық-түлік тауарлары бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. 2026 жылдан бастап бұл тізім 31 атауға дейін кеңейтіліп, оған алма, қияр, қызанақ, түрлі ет өнімдері, балық, ірімшік, кілегей және құрғақ шай секілді қосымша 12 тауар енгізілді.
Қаладағы ірі сауда нысандарында, әлеуметтік дүкендер мен базарларда азық-түлік бағаларына апта сайын мониторинг жүргізілуде. Заңнамада белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін асырған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда. Соңғы желтоқсан айында 5 кәсіпкерлік нысан иесіне қатысты тиісті құжаттар уәкілетті органдарға жолданып, әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада соңғы тоқсанда 19 рет ауыл шаруашылығы және азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтағы орташа бағадан төмен деңгейде ұсынылды. Сонымен қатар, қала аумағындағы 7 ірі сауда орталығында әлеуметтік бұрыштар жұмыс істейді.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық газ инспекциясы мекемесінің директоры Алмухамбет Айменов баяндама жасап, 2025–2026 жылғы жылыту маусымында улы газдан уланудың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан рейдтік жұмыстар туралы баяндады.
Қала әкімі білім беру ұйымдары мен балабақшалардағы газ қазандықтарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, тиісті мекемелермен бірлескен рейдтік тексерістерді күшейтутіп, табиғи газға қосылмаған тұрғын үйлерді анықтап, оларды газ желісіне қосу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.