Түркістанда дәстүрлі «Жыл үздіктері – 2025» салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл күні жыл қорытындыланып, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтарға, адал еңбегімен дараланған еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің дамуында әрбір тұрғынның үлесі маңызды екенін атап өтіп, облыстың жетістіктеріне тоқталды. Көпшілікті келе жатқан 2026 жылмен құттықтап, жыл үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыстады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында іс-шарада қоғамның түрлі саласында еңбек етіп келе жатқан еңбеккерлердің бірқатарына мемлекеттік наградалар табысталды. Елдің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Кентау трансформатор зауыты» АҚ операторы Сәбит Абубакиров, Созақ ауданының кәсіпкері Жандарбек Бөрібеков, Түркістан қаласының еңбек ардагері Гүлжан Мейірбекова, Ордабасы ауданындағы «Kaz Kioti» ЖШС слесарі Абдулла Тателбеков марапатталды. «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталып, Кентау қаласы, Байылдыр ауылы бас жүлде иегері атанды. І орынды Сарыағаш ауданы, Қызылжар ауылы жеңіп алса, ІІ орынды Төлеби ауданы, Мәдени ауылы алды. Созақ ауданы, Жуантөбе ауылы ІІІ орыннан көрінді.
Марапатталғандардың қатарында «Жылдың үздік инвесторы», «Жылдың үздік экспорттаушысы», «Жылдың үздік құрылыс мекемесі», «Жылдың үздік мектебі», «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жылдың үздік композиторы», «Жылдың үздік энергетигі», «Жылдың үздік тәрбиешісі» сияқты түрлі мекемелер мен сала мамандары бар.
Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов түрлі номинациялар бойынша үздік еңбек адамдарын марапаттады. Олардың қатарында дәрігер, мейірбике, шекарашы, экономист, баспасөз қызметі, жас белсенді, ерікті, коммуналдық шаруашылық қызметкері, орманшы, көркемөнерпаздар ұжымы, өнерпаздар, қаламгер, суретші, кітапханашы, жаттықтырушы, спортшы, архивист, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігері, құрылысшы, жол құрылыс мекемесі бар.