ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ МЕН САУРАН АУДАНЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БЕКЕТІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ МЕН САУРАН АУДАНЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БЕКЕТІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Түркістан қаласы мен Сауран ауданы әкімшілігінің әскерге шақыру бекеті күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Әскерге шақыру пунктінің ашылу салтанатына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар әскерге аттанғалы тұрған сарбаздар мен белсенді жастар қатысты.
Салтанатты шарада қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңғыртудан өткен жаңа нысанның - елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы және жас ұрпақты отансүйгіштікке, жауапкершілікке, тәртіп пен азаматтық борышқа тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, әскери міндетті орындауға шақырылатын жастар үшін қолайлы, заманауи талаптарға сай жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа шақыру пункті әскерге шақыру науқандарын ұйымдастырудың тиімділігін арттырып, медициналық тексерулер мен құжаттандыру жұмыстарын біріздендіруге, жастардың әскери қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан қаласы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында 93 жас азамат, ал күзгі шақыру кезеңінде 103 азамат Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.