Түркістан қаласында №2 жедел медициналық жәрдем бекеті күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы медицина қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын дамыту, жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Жедел медициналық жәрдем – адам өміріне тікелей жауапты аса маңызды сала. Сондықтан бұл бекеттің толыққанды жұмыс істеуі қала тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Осы орайда, жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүрген барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді қала басшысы.
Қараусыз қалған ғимарат қайта жаңғыртылып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Ғимаратта медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі таңда №2 жедел медициналық жәрдем бекетінде тәулік бойы 10 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 2 дәрігерлік және 8 фельдшерлік бригада қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бекетте жалпы 127 медицина қызметкері еңбек етіп келеді.