ТҮРКІСТАНДА МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ
Түркістан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысын талқылауға арналған жұмыс мәжілісі өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол төрағалық етті.
Мәжіліске жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, ішкі саясат, жастар саясаты, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік кірістер және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке меншік медициналық орталықтардың басшылары қатысты.
Жиын барысында қала бойынша МӘМС жарналары мен төлемдерін уақтылы төлемеу мәселесі, сақтандырылмаған азаматтардың үлесі, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, білім беру мекемелеріндегі және жұмыспен қамту орталығындағы түсіндіру шараларын жүйелеу қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар жеке емханалар тарапынан сақтандырылмаған азаматтарға қызмет көрсету тәртібі мен деректерді нақтылау жұмыстары сөз болды.
Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Ғалым Мырзабеков пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Берік Исмаханбетов МӘМС пакетімен ұсынылатын медициналық қызметтердің көлемі, азаматтар жиі жолығатын сұрақтар және тұрғындардың сақтандыру мәртебесін анықтау тетіктері туралы баяндама жасады.
Жиынды қорытындылай келе, Аманжол Бекбол жауапты бөлімдерге түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сақтандырылмаған азаматтардың нақты тізімін айқындап, олардың мәртебесін реттеу бойынша шаралар қабылдауды және білім беру ұйымдарында ақпараттық түсіндіруді тұрақты форматқа енгізуді тапсырды. Мәжіліс барысында қойылған мәселелерді шешу мақсатында тиісті органдарға нақты міндеттер жүктелді.