Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлемдік деңгейде танылған ерекше жобаның авторлары мен қолөнер шеберлерін қабылдады.
«Global Book of Records» кітабына енген ең үлкен дәстүрлі қазақтың сәукелесін әзірлеген шеберлермен кездесуде Әзімбек Пазылбекұлы:
- «Түркістан – ұлт руханиятының алтын бесігі. Біздің қаламызда дайындалған ерекше сәукеле Қазақстан ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Бұл – халқымыздың бай мұрасын ұлықтау, мәдениетімізді жаңа буынға танытудың жарқын үлгісі. Осындай жобалар арқылы біз Түркістанның абыройын арттырып, ұлттық құндылықтарымызды халықаралық аренада дәріптей түсеміз» – деп, сый-құрметін көрсетті.
Алып сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде енгізілген. Бірегей бұйым 30-дан астам түркі халықтарының ою-өрнектерімен көмкерілген. Әйелдердің ұлттық бас киімінің биіктігі 5 метрден асады, ал жабуының ұзындығы 600 метрді құрайды.
Жоба авторы Ақмарал Дауылбаеваның айтуынша, сәукеле – жай сәндік элемент емес, қазақ халқының бірлігі мен рухани сабақтастығын бейнелейтін құнды рәміз.