Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлының төрағалығымен көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтті.
Жиынға қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ полиция басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы мен газ және электр желілері мекемелері, «Жылу» МКК, «Түркістан-Су» МКК, мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Мәжіліс барысында тұрғындар мен меншік иелері бірлестіктерінен келіп түскен негізгі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, көпқабатты үйлерге жапсарлас кәсіпкерлік нысандардың жылу жүйесіне заңды түрде қосылуын тексеру, бірқатар ғимараттардағы құрылыс ақауларын, сынған терезелерді, су басқан жертөлелерді қалпына келтіру, сондай-ақ аула аумақтарындағы абаттандыру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге вандализмнің алдын алу, ойын алаңшаларындағы және пәтераралық инженерлік жүйелердегі кемшіліктерді ретке келтіру, фасад бояуын жаңартуға байланысты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев көтерілген мәселелер бойынша шешу жолдарын қарастырып, жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғын үй мәселесіндегі кемшіліктер қала әкімінің назарында екенін атап өтті.