Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық Сот төрағасы Айдос Едігеұлы бастаған сот қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды республикалық экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан өңірінің судьялары мен сот қызметкерлері, қаланың экологиясын дамыту мақсатында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлестерін қосты.
Игі шара, жаңадан бой көтерген ғимараттың аумағында өткізіліп, қаланың жасыл қорын арттырды.
Мұндай шаралардың табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті насихаттауға қосар маңыздылығы орасан.