ШАУҒАР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

ШАУҒАР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Шауғар» секторының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен таныстырды.
Қала әкімі тұрғындармен ашық диалог жүргізіп, инфрақұрылым, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар және қоғамдық орта сапасын арттыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар жайын жан-жақты хабардар етті.
Мамыр айында өткен алдыңғы кездесуде «Шауғар» секторынан барлығы 23 мәселе көтерілген болатын. Оның 19-ы заң аясында түсіндіріліп, 4 мәселе толық шешімін тапқан.
Инфрақұрылым бойынша Шауғар секторында ауыз суға қосылу деңгейі бүгінде 99,5 пайызды құрайды. Ал кәріз жүйесімен қамту бағытында үш ірі жоба іске асырылуда. 1-кезекте 104,7 шақырым желінің 103 шақырымы тартылып, нысан 2026 жылға өтпелі. 2-кезек құрылысы биыл толық аяқталады. 3-кезекте 172 шақырым желі тарту жұмыстары жалғасуда. Тәуке хан даңғылынан вокзал аумағына дейінгі көшелерді кәріз жүйесіне қосу 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қаланы абаттандыру бойынша биыл «Шауғар» секторында 3 жаңа ойын және спорт алаңы салынды. Абылай хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылды. Төле би – Сабырханов көшелерінің қиылысындағы МАФ орнату жұмыстары 95 пайызға орындалды. Ш.Ниязов көшесіндегі жабық стадион құрылысының да 95 пайызы аяқталды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында сектордағы 36 көшеге асфальт төсеу жоспарланса, бүгінгі таңда 23 көшеде жұмыстар толық аяқталып, 13 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы тағы 67 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жарықтандыру бойынша көшелердің 98 пайызы жарықтандырылған.
Қоғамдық көлік бағыттары да тұрақты қызмет көрсетуде. Биыл қала аумағына 16 жаңа автобус әкелініп, бірнеше бағытқа қосымша көліктер енгізілді. Жыл басынан бері секторда 42 жаңа аялдама орнатылды.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әзімбек Пазылбекұлы әрбір өтініш назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.