ТҮРКІСТАНДА КЕЗЕКТІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА КЕЗЕКТІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан қаласында азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Кезекті сауда-саттық «Бірлік» тұрғын алабында өтті. Аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан сауда алаңында азық-түлік бағасы нарықтағыдан 30-50 пайызға дейін төмен саудаланды.
Облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналып отыр. Жәрмеңке сөрелерінен Келес, Төлеби және Түлкібас аудандарының шаруалары, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және жергілікті кәсіпкерлер ұсынған ет-сүт өнімдері қаймақ, жұмыртқа арзандатылған бағада саудаланды.
Қолжетімді бағадағы тауарларды сатып алуға келген қала тұрғындарына 30 тоннаға жуық ауыл шарушылығы өнімдері сатылды. Мәселен, картоп – 140, пияз – 85, сәбіз – 140 теңгеден саудаланды. Ал, қырыққабаттың бағасы 100 теңге. Сондай-ақ сиыр етінің бағасы – 2500 теңге, тауық еті – 1100 теңге. Наның бағасы 80, жұмыртқаның данасы 45 теңгеден сатылды.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, кезекті жәрмеңке 19-қараша күні «Конгресс холл» көпсаласы кешенінің алдында «Аgrofest Turkistan 2025» мерекелік шарасына орай ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Онда өңір аумағындағы аудан-қалалардан келген шаруалардың экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдері ұсынылмақ.