ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ЖАЛҒАСУДА

ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ЖАЛҒАСУДА
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен көшпелі кездесуі Яссы секторы тұрғындарымен жалғасты.
Кездесу барысында қала басшысы сектор аумағында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын тыңдады. Осыған дейінгі Яссы секторы тұрғындарымен кездесуде 23 мәселе көтерілсе, оның 8-і дер кезінде шешімін тапса, 15-і кезең-кезеңімен, кейбірі заң аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінде Яссы мөлтек ауданындағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызды құрайды. Кәріз жүйесін жетілдіру мақсатында екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Яссы және Ыждыхат тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы. Жоба толық іске асқанда Оралман аумағындағы ескі желілер мен насостар жаңартылып, жүйе тұрақты жұмыс істейтін болады.
Электрмен қамту мәселесін шешу мақсатында 2026 жылы жоғары кернеулі желілерге «реклоузер» құрылғыларын орнату және 6 жаңа тарату пунктін салу көзделген. Бұл шара апатты жағдайлар санын 40–50 пайызға азайтады деп күтілуде.
Абаттандыру саласында да біршама жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Кентау тасжолының бойында балалар ойын алаңы пайдалуға берілсе, алдағы айда Хақназар хан көшесіндегі жабық футбол алаңының жасөспірімдердің игілігіне берілмек. Сонымен қатар, Көккөл, Пальма сквері, Жолбарыс хан және өзге де көшелердегі 15 ойын және воркаут алаңы жөндеуден өтті.
Жол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биыл 70 шақырымнан астам 89 көшеде асфальт төсеу жоспарланып, 84 көшеде жұмыс толық аяқталған. Қала аумағындағы аялдамалар саны 683-ке жетіп, биылғы жылы Яссы секторына қосымша 34 аялдама орнатылды.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әзімбек Пазылбекұлы әрбір өтініш назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Айта кетейік, қала әкімінің көшпелі кездесулері ертең, 14 қараша күні сағат 10:30-да Шауғар секторының тұрғындарымен жалғасады. Кездесу Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектепте өтеді.