ТҮРКІСТАНДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан қаласында қазан айында аталып өткен «Қарттар күні» және «Республика күні» мерекелеріне орай ардагерлерге құрмет көрсету рәсімі өтті. Іс-шара Ардагерлер кеңесінің төралқа мәжілісі аясында ұйымдастырылып, оны қала әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков жүргізді.
Қуаныш Әлібеков өз сөзінде ардагерлерді қос мерекемен құттықтап, қаланың дамуы мен ел бірлігін нығайтудағы аға буынның рөлін ерекше атап өтті.
– Құрметті ақсақалдар мен апалар! Сіздер қаламыздың қоғамдық өмірінің бел ортасында жүріп, ақыл-кеңестеріңізбен, өмірлік тәжірибелеріңізбен үлкен үлес қосып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз – қаламыздың өркендеуінің негізі, жас ұрпақ үшін баға жетпес өнеге. Баршаңызға денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін, – деді аппарат басшысы.
Шара барысында Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан ардагерлерге қала әкімінің Алғыс хаттары мен медальдері табысталды.
Медицина саласында 47 жыл абыройлы еңбек еткен, жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Жунайтов Әбілбек ақсақалға «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалі тапсырылды. Ол ұзақ жылдар бойы аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау ісіне өз үлесін қосып, көптеген жас мамандарды тәрбиелеген.
Сонымен қатар қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген Ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ақсақал-аналарға қала әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбаймбетов жиналғандарды мерекемен құттықтап, аға буын өкілдерінің қоғамдағы беделі мен белсенділігін атап өтті. Кеңес мүшелері де өз пікірлерін білдіріп, қаланың әлеуметтік мәселелері мен жаңа бастамалары жайлы ой бөлісті.
Жиынды қорытындылаған Қуаныш Әлібеков ардагерлерге қаланың дамуына қосқан еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, олардың пікірлері мен ұсыныстары билік үшін әрдайым маңызды екенін атап өтті.