ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ V «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ» ЭСТРАДАЛЫҚ ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ V «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ» ЭСТРАДАЛЫҚ  ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ
Түркістанның рухани төрінде дәстүрге айналған республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық жас орындаушылар байқауы биыл да жас дарындардың өз өнерін паш етуіне жол ашты. Талай талантты түлеткен дүлдүлдер додасына биыл – 5 жыл.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған өнер додасына еліміздің түпкір-түпкірінен 18 бен 35 жас аралығындағы әншілер бас қосуда. Жалпы, биыл байқауға 100-ден астам үміткер өтінім жолдап, онын ішінде іріктеуден 17 қатысушы өтіп, байқауда өз бақтарын сынап жатыр. Байқау шартына сәйкес еліміздің танымал композиторларының әнін авторлық аранжировкада, ал екінші кезеңде үміткер өзі таңдаған шығарманы вокалды аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындайды.
Түркістанның өз қолтаңбасына айналған дүбірлі ән додасында елімізге танымал Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов және Мейіржан Алиакбаров қазылық етуде. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударады.
Шараның мақсаты – дарынды, шығармашыл жастарға қолдау көрсету, қазақ музыкасының жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау, оның өркендеуіне ықпал жасау. Отандық музыкалық туындылардың бәсекелестік әлеуетін арттыру. Сонымен қатар жас талант иелерін анықтап, олардың орындаушылық өнерінің кәсіби деңгейінің көтерілуіне қолдау көрсету.
Айта кетейік, жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталады. Бұл байқау ертең де өз жалғасын табады.