Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Парасат саябағында жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты.
 
«Түркістан қаласында Парасат саябағын реконструкциялау» жобасы 2021 жылы әзірленіп, 2023 жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Содан бері жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша саябақты жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
 
Аумағы 14 гектарды құрайтын саябақта бүгінде 2 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Демалыс аймағында балалар ойын алаңшалары, жабық және ашық футбол алаңдары, баскетбол және теннис корттары салынды.
 
Сонымен қатар 200-ден астам заманауи жарық шамдары орнатылып, 7 мың шаршы метр асфальт төселді, 100-ден астам орындық қойылды. Саябақ аумағында жазғы сахна, веложолақтар, жаяу жүргіншілер жолдары және тұрғындардың жайлы демалысына арналған өзге де инфрақұрылым элементтері қарастырылған.
 
Қала әкімі құрылыс сапасы мен абаттандыру жұмыстарының толық аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мердігер мекемеге абаттандыруды уақытылы әрі сапалы аяқтауды, саябақ аумағындағы қауіпсіздік пен тазалықты сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.