ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгін Түркістан қаласы мәдениет үйінде Қазақстан Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекеге арналған жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы қатысып, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мереке — адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қорғау ісіне зор үлес қосып жүрген құтқарушылардың еңбегін бағалаудың және олардың ерлігі мен батылдығын дәріптеудің көрінісі.
Іс-шара барысында қала әкімі төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегін атап өтіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үлестеріне ризашылығын білдірді.
– Сіздердің әр күндеріңіз - қауіп пен қатерге толы. Дегенмен, қандай жағдайда да елге қызмет етуден, адам өмірін сақтап қалудан тайсалмай, өз борыштарыңызды адал орындап келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз — қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі, – деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Бүгінде Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасында 146 қызметкер еңбек етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы жолында тәулік бойы тынымсыз қызмет атқарып келе жатыр. Оның ішінде 13 офицерлік жеке құрам бар. Басқарма құрамында екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді.
Құтқарушылар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам өмірін қорғау бағытында жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді.
Сондай-ақ, іс-шара аясында қызметтік борышын адал атқарып, кәсібіне беріктігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге қала әкімінің және Төтенше жағдайлар басқармасының алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар құтқарушы мамандығының мәртебесін арттыру мен жастарды ерлікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.