Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына сәулет және қала құрылысы саласының мамандары, архитекторлар, кәсіпкерлер мен тиісті бөлім басшылары қатысты.
Отырыста қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге, құрылыс мәдениеті мен сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған 9 жоба қаралды. Әр жоба бойынша сәулеттік шешімдер, қауіпсіздік талаптары және қала құрылысы нормаларының сақталуы егжей-тегжейлі сараланды.
Талқылауға енгізілген жобалар қатарында қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын көздейтін бірқатар нысандар бар. Атап айтқанда, мейрамхана құрылысы, әкімшілік-іскерлік орталық аймағындағы «Қонақ үй және Бизнес орталық кешені», 5 қабатты тұрғын үй кешені, «ҰЯ» тұрғын үй кешені, Имандылық асханасы, Филармония ғимаратының орны, Тәукехан көшесін жалғау, Қызылорда тас жолындағы жол асты өткелі және Әмір Темір – Саттарханов – Жолбарысхан көшелері қиылысындағы айналма жол жобасы қаралды.
Жобаларды талқылау барысында алғашқы 4 жоба бойынша Н.Бердісүгіров, ал қалған 5 жоба бойынша М.Көшенов баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша бірінші жоба – мейрамхана құрылысы ескертулермен бірге мақұлданды, ал қалған 8 жоба жобалық шешімдерін жетілдіру мақсатында қайта зерделеуге жолданды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы отырыс қорытындысында жобалар сапасын арттыру, құрылыс нормалары мен сәулеттік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, қаланың заманауи бейнесі мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды тапсырды.