Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен, жайсыз отбасыларға көмек көрсету және жазғы шомылу маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе аясында Түркістан қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі А.Сапарбеков және «Отбасын қолдау орталығының» директоры М.Досыбекова баяндама жасады.
Баяндамашылардың мәліметінше, орталыққа Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобы тарапынан 68 жайсыз отбасының тізімі жолданған. Оның ішінде 42 отбасыға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, олардың әлеуметтік жағдайы мен қажеттіліктері анықталған. Нәтижесінде әр отбасыға жеке қолдау жоспары әзірленіп, 33 бағыт бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, 9 отбасы көмектен бас тартқан.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары А.Алпыспаев жазғы шомылу маусымындағы және көпқабатты үйлерден құлау жағдайларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Атап айтқанда, Яссы, Отырар, Бірлік секторларында 2360 үй араланып, 11 850 тұрғынға қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлермен бірлесіп тегін шомылу мүмкіндігін қарастыру мақсатында меморандумдар жасалған.
Жиын барысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жаңа өзгерістер мен маусымдық екпелер туралы ақпарат берілді.
Жиын соңында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.