Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері 7 644 азаматқа жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, оның 63,4 пайызы нақты іске асырылды.
Жалпы жыл басынан бері ерекше қажеттілігі бар азаматтардан 6 977 құралға өтініш келіп түссе, оның 4 420-сы қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 402 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 207 адам сурдо және тифлотехникалық құралдармен, 250 адам жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 780 азамат санаторлық-курорттық емделуге жолдама алды.
Жеке көмекші мен ымдау тілі қызметтері 420-дан астам адамды қамтыды. Ал гигиеналық құралдар 2 361 азаматқа үлестірілді.
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған көлік қызметі де қолжетімді. Бүгінде қалада 11 инватакси көлігі тұрақты түрде жұмыс істейді, оны 222 адам тұрақты пайдаланады. Сонымен қатар, 4 әлеуметтік такси көлігі 53 азаматқа қызмет көрсетіп отыр. Ал күндізгі қатынау бөлімі арқылы 50 балаға әлеуметтік қолдау көрсетілуде.