Бүгін Түркістан қаласында «Гид – экскурсовод дайындау негіздері» атты оқыту курсының қорытынды кеші өтіп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Курс аясында қазіргі таңда мәдени-рухани кешен аумағында электрокармен туристерге қызмет көрсетіп жүрген 30-ға жуық жүргізуші кәсіби даярлықтан өтті.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — қатысушылардың экскурсия жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеруіне, Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени нысандар туралы терең білім алуына және кәсіби гид ретінде жұмыс істеуге қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік беру.
Оқыту барысында тыңдаушыларға туристермен нәтижелі коммуникация орнату, туристік бағыттар бойынша ақпарат ұсыну, қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ шетелдік қонақтарға сапалы қызмет көрсету әдебі секілді тақырыптар бойынша тәжірибелік білім берілді.
Жоба Түркістан қаласы әкімдігі, Түркістан облысының Туризм басқармасы және Туризм және меймандостық университетінің бірлескен бастамасымен жүзеге асты.