ТҮРКІСТАНДА БІРҚАТАР БІЛІМ ОРЫНДАРЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

ТҮРКІСТАНДА БІРҚАТАР БІЛІМ ОРЫНДАРЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты. Сапалы білім беру ісін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін бақылаған қала басшысы сала мамандарына бірқатар ескертпелер жасады.
Алдымен қала әкімі №9 Некрасов атындағы жалпы орта мектепке барып, білім ұясының жағдайымен танысты. Аталған мектепте 2700-ден астам оқушы білім алған. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық заманауи бағытта қайта жаңғыртылмақ.
Сонымен қатар, С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты мен 31 Абай атындағы жалпы орта мектепте атқарылып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысын бағамдаған қала басшысы сапасыз жұмыстарға жол берілмеу қажеттігін ескертіп, жауапты мердігерге құрылыс үдерісін жүйелі жүргізуді тапсырды.
Аталған нысандардың барлығына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер мекемелер анықталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр айының соңында басталған. Қазіргі таңда барлық нысандарда жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 38 мектеп болса, оның 33-і екі ауысымда, 5 мектеп бір ауысымда білім береді. Ал 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.