ТҮРКІСТАНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбековтың қатысуымен елдің ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында аналардың отбасындағы, қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған Байдулла Оразбеков анаға деген шексіз алғыс пен құрметтің бұл рәсім арқылы көрініс тапқанын атап өтті.
– Бүгін біз ел болашағын тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан асыл аналарымыздың еңбегін лайықты бағалап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес “Алтын” және “Күміс” алқаларымен марапаттау мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл – тек марапаттау шарасы ғана емес, сіздерге деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің белгісі. Ананың мейірімі мен төзімі – ұлттың баға жетпес байлығы, – деді Байдулла Оразбеков.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрайды. Олардың ішінде 1 098 ана – «Алтын алқа», 2 366 ана – «Күміс алқа» иегері атанса, 71 анаға «Батыр ана» атағы берілген. Сонымен қатар, 95 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналардың саны 12 109 адамға жетіп отыр. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен аналардың қоғамдық рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.