Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, білім және салық органдарының өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында кадрлық өзгерістер таныстырылып, Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы лауазымына Оспан Арман Оңалханұлы тағайындалды. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы міндетін уақытша Ыдырыс Бексұлтан атқаратын болады.
Қалалық бюджеттің кіріс бөлігін орындау мен салық түсімдерін арттыру мәселесі
бойынша Түркістан қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Махмутұлы баяндама жасап, биылғы жылғы қосымша кірістер жоспары мен бүгінгі күнге дейін орындалған көрсеткіштер жайын мәлімдеді.
Осыған байланысты, қала әкімі салықтық берешегі бар мекемелермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өтеу кестелері жасалуы тиіс екенін, берешек көлеміне әр екі апта сайын тұрақты түрде талдау жүргізіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар, POS-терминалдар мен фискалды чектердің қолданылуын бақылау шараларын күшейтіп, бейресми кәсіпкерлікпен күрес жұмыстарын ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы биылғы жылы мектеп бітірушілер саны 3 063 оқушыны құрағанын, ҰБТ нәтижесі бойынша, 100 балдан жоғары жинағандар – 43 оқушы, 130 балдан жоғары нәтиже көрсеткендер – 11 оқушы, сонымен қатар, «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 178 оқушыны құрайтынын жәнен алдағы жоспарларын баяндады.
Қала әкімі аталған көрсеткіштерге тоқталып, төмен нәтиже көрсеткен оқушылармен мектеп психологтары жүйелі түрде жұмыс жүргізуі тиіс екенін, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға шомылу маусымына орай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыру және лагерлердің жұмысын жоспарлау жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.