Бүгін Түркістанда халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған өнер додасына әлемнің 17 елінен келген дарынды әншілер қатысып, қазақ ән өнерінің таңдаулы туындыларын шырқады. Байқау қорытындысы бойынша Италия елінен келген талантты әнші Vincenzo Cantiello фестивальдің бас жүлдесіне ие болды.
Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Тунис, Португалия, Румыния, Куба, Италия, Оңтүстік Африка, Сан Марино, Эквадор, Индонезия, Болгария сияқты алыс-жақын шет елдерден келген өнерпаздар қатысты. Олар Ақан сері, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының туындыларын орындап, қазақтың бай музыкалық мұрасын жаһан жұртшылығына паш етті.
Қазылар алқасының құрамында еліміздің белгілі өнер майталмандары мен композиторлар, эстрада жұлдыздары болды. Атап айтқанда, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАрт» ансамблінің солисі Сәкен Майғазиев, сондай-ақ Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов, Мейіржан Алиакбаров қатысушылардың өнерін бағалады.
Фестивальдің шешуші кезеңінде әрбір әнші қазақ әндерін өз стилінде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Мөлдір Әуелбекова мен Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев өнер көрсетті. «Voice of Turan – 2025» фестивалі Түркістан аспанын әуезді әнге бөлеп қана қоймай, қазақ әнінің құдіретін әлемге тағы бір мәрте танытты. Бұл – өнердің, мәдениет пен руханияттың ұлт пен шекара таңдамайтынын дәлелдеген тағылымды шара.
Еліміздің мәдени беделін әлемге танытуға бағытталған маңызды жобаны облыстың жеті жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.