ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ВЕНГРИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ВЕНГРИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михай Галошфаи мен Бас консул Ференц Блауманнмен кездесті. Кездесуде барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, іскерлік байланыстар және ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Өмірзақ Естайұлы өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Әсіресе экотуризмді дамытып, Түркістанға туроператорларды тартуды ұсынды. Өңір қасиетті Түркістан өңірінің тарихына көз жүгіртіп, бизнеске қолайлы тұстарын атап көрсетті.

«Венгрия инновацияларды батыл қолдауға негізделген дамудың тиімді үлгісін көрсетуде. Осыған байланысты біз өздеріңізбен бірлескен жобаларды іске асыру және дамыту мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Мен Венгрияның бизнес қауымдастығын Түркістан облысындағы өз қызметін жандандыруға шақырамын. Ол үшін біздің өңірде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал құрылған. Атап айтқанда, Түркістан облысында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларына көптеген жеңілдіктер қаралған», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыста инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген және коммуналдық қызметтерге төмен тарифтері бар 9 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы индустриялық аймақтың аумағында 350 га алаңы бар түрлі алаңдарда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар.

Кездесуде Мажарстанның елімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген қызығушылығы жайында айтылды. Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қарқынды дамып келе жатқан Түркістан өңірінде бизнесін өрбіруді көздеген кәсіпкерлердің көп екенін айтып өтті. Оның ішінде «Венгрия қыпшақтар одағы» өкілдерінің ерекше қызығушылығын жеткізді. Ол өзінің алғашқы сапарында шаһардың тарихи мұраларымен танысып, жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарын аралап көрмек. Алдағы уақытта екіжақтық стратегиялық әріптестік тамырының тереңдей түсетініне сенім білдірді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі