Облыстық клиникалық ауруханада аритмология бойынша шеберлік сабағы өтті

Облыстық клиникалық ауруханада аритмология бойынша шеберлік сабағы өтті

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының “Облыстық клиникалық
ауруханасында”
А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының аритмолог дәрігері Н.Ж. Бигелдиевтің қатысуымен шеберлік сабағы өткізілді.

Шеберлік сабағы аясында Түркістан облысының екі пациентіне жоғары технологиялық кардиологиялық көмек көрсетілді.

Дилатациялық кардиомиопатия, Гис шоғырының сол жақ аяқшасының толық блокадасы және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі III ФК (NYHA) диагнозы бар науқасқа кардиоресинхрондаушы құрылғы имплантацияланды.

АВ-блокада II дәрежесі (Мобиц II, 2:1) және пресинкопальды жағдайы бар науқасқа тұрақты электрокардиостимулятор орнатылды.

Пациенттерді іріктеу жұмыстары Түркістан облысының бас кардиологы Р.Н. Кенжеханова мен бас аритмологы М.С. Әбдіқадировтың қатысуымен жүргізілді. Сондай-ақ, пациенттерді операциядан кейінгі бақылау және әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтау жұмыстары да облыстық кардиологиялық қызмет мамандарының үйлестіруімен жүзеге асырылатын болады.

Мұндай шеберлік сабақтары өңір тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған кардиологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін дамытуға мүмкіндік береді.