Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы «2026 жылдың үздік облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» номинациясының жеңімпазы атанды!

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы «2026 жылдың үздік облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» номинациясының жеңімпазы атанды!

Бұл жоғары марапат – өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау жолында тәулік бойы қызмет атқарып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсібилігі мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.

Бүгінде Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы 2 миллион 148 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Облыс бойынша 167 жедел жәрдем бригадасы жұмыс атқарады, оның ішінде 35 дәрігерлік және 132 фельдшерлік бригада халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде. Қызмет көрсету радиусы 250 шақырымды қамтиды.

Мекеме құрамында 6 бекет пен 17 бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар, шақыртуларға уақытылы жетуді қамтамасыз ету және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс аумағында қосымша 48 тәуліктік пост ұйымдастырылған.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында 2025 жылы автопарк 2 неонаталдық реанимобильмен және 60 Hyundai Staria санитарлық автокөлігімен толықтырылды. Барлық санитарлық көліктер GPS навигациясымен, рациямен және бейнежетондармен толық қамтамасыз етілген.

Жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мекеменің ақылы қызметтен түскен қаражаты есебінен 2025 жылы 4 жаңа бекет пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бесінші жаңа бекеттің құрылысы жалғасуда.

Соңғы жылдары негізгі көрсеткіштер бойынша айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, сәтті реанимация көрсеткіші 2025 жылдың алғашқы бес айындағы 59 пайыздан 2026 жылдың осы кезеңінде 90 пайызға дейін өсті. Бұл жүрек қызметін қалпына келтіру және шұғыл реанимациялық көмектің тиімділігінің жоғарылағанын көрсетеді.

Сондай-ақ жедел жәрдем бригадаларының шақыртуға уақытылы жету көрсеткіші 95 пайыздан 98 пайызға дейін артты.

Заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған екі неонаталдық реанимобильдің көмегімен 234 жаңа туған нәресте мамандандырылған медициналық ұйымдарға қауіпсіз тасымалданып, оларға дер кезінде білікті медициналық көмек көрсету қамтамасыз етілді.